Астық резервтерін мемлекеттік бақылау тиімді болуы және астық қабылдау кәсіпорындарына артық жүктеме түсірмеуі керек. Қазақстанның Астық одағында осылай санайды.
Бүгін ҚР АШМ-нің астықтың резервтік қоры мен жем-шөп қорының сандық-сапалық сақталуына мемлекеттік бақылау нормасын енгізу жөніндегі реттеушілік әсерді талдау жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді.Бастаманың мәні - астықтың резервтік қоры мен жем-шөп қорына, соның ішінде жеке астық қабылдау кәсіпорындарында сақталатын қорларға мемлекеттік бақылауды күшейту. Тиісті тексерулерді ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген мемлекеттік бақылаудың жалпы тәртібінен шығару ұсынылады.
Қазақстанның Астық одағы мемлекеттік астықтың сақталуын бақылау қажет деп санайды. Сонымен бірге ұсынылып отырған тетік астық қабылдау кәсіпорындарының нақты жұмыс жағдайларын ескеруі және адал бизнеске артық әкімшілік жүктеме түсірмеуі тиіс.
Астық қабылдау кәсіпорындарын тұрақты инспекциялау мүмкіндігі, тексерулерді қолданыстағы тәуекелдерді басқару жүйесінен тыс жүргізу, прокурорлық есепке алу тетіктерінің әлсіреуі, сондай-ақ астықты толық қайта өлшеу ерекше алаңдаушылық туғызады.
Егін жинау науқаны және жаппай жөнелту кезеңінде мұндай рәсімдер элеваторлардағы технологиялық процестердің тоқтауына, автокөлік кезектеріне, қосымша шығындарға, астықты өңдеу және кептіру қызметтері құнының өсуіне және экспорттық теміржол жеткізілімдерінің бұзылу қаупіне әкелуі мүмкін.
ҚАО мемлекеттік бақылаудың нақты әрі түсінікті шеңберін белгілеуді ұсынады:
• «тұрақты бақылаудың» орнына тәуекелдерге негізделген мерзімді бақылауды көздеу;
• жоспарлы тексерулерді жарты жылда бір реттен жиі жүргізбеу;
• астықты толық қайта өлшеуді табиғи кемудің рұқсат етілген нормалары мен өлшеу қателігін ескере отырып, елеулі алшақтықтар анықталғанда ғана жүргізу;
• әкімшілік шаралар қолданылғанға дейін анықталған бұзушылықтарды жою үшін астық қабылдау кәсіпорындарына кемінде 10 жұмыс күні мерзім беру;
• жүргізілетін инспекциялардың міндетті прокурорлық есебін сақтау;
• сынама алу және тәуелсіз зертханалық зерттеулер жүргізу тәртібін нақты регламенттеу.
«Мемлекет пен бизнес мүдделері арасында ақылға қонымды теңгерім табу қажет. Мемлекеттің өзіне тиесілі астық резервтерінің сақталуын бақылаудың тиімді тетігі болуы керек, бірақ мұндай бақылау ашық, негізделген және тәуекелдерге сай болуы, әкімшілік қысымға жағдай жасамауы және астық қабылдау кәсіпорындарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс», - деп қорытындылады Одақта.


