Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) базасында Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу атындағы халықаралық зертхана ашылды.

Зертхана Қазақстан мен Қытайдың биологиялық қауіпсіздік, микробиология және One Health («Бірыңғай денсаулық») тұжырымдамасы саласындағы бірлескен зерттеулерін іске асырудың негізгі алаңына айналады.

Жаңа ғылыми орталық KazNARU, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Чжэцзян университеті, Қытай ғылым академиясының Микробиология институты арасында қол қойылған ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум аясында құрылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, зертханада жаңа және қайта оралатын инфекцияларды зерттеу, зооноздық ауруларды бақылау, молекулалық диагностика мен геномдық зерттеулердің заманауи әдістерін әзірлеу және енгізу жүргізіледі, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиялары жасалып, жетілдіріледі.

«Халықаралық зертхананың құрылуы қазақстандық ғалымдарға Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеулерге, заманауи технологияларға және халықаралық зерттеу желілеріне жол ашады», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.

Бірлескен жобаларды іске асыру Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға, биологиялық қауіпсіздік саласындағы озық әзірлемелерді енгізуді жеделдетуге және отандық зерттеушілердің денсаулық сақтау, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық міндеттерін шешуге қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.