Қарағанды облысында шамамен 1 млн га дәнді дақыл жиналуы тиіс.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында айтқандай, Қарағанды облысында ауқымды егін жинау науқаны қыркүйектің басында басталады. Аграрийлер шамамен миллион гектар дәнді дақыл жинауы тиіс. Қазіргі уақытта өңірде техниканы дайындау аяқталып, отын қоры қалыптастырылуда, ал астық қабылдау кәсіпорындары жаңа өнімге дайындалуда.
Биыл дәнді дақыл егісінің негізгі бөлігі - шамамен 760 мың га - бидайға тиесілі. Бұдан бөлек, арпа, сұлы және майлы дақылдарды жинау керек. Аграрийлер сондай-ақ 16 мың гектардан картоп және 2 мың гектардан көкөніс жинайды.
- Күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, егістің басым бөлігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қазір аграрийлердің алдында басты міндет тұр - егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу. Маусымның түпкі нәтижесі көп жағынан осыған байланысты болады, - деп атап өтті Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Өңірде егін жинауға шамамен 2 мың комбайн және 9 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы дайындалды. Басқарманың ақпаратынша, машиналарды техникалық дайындау аяқталуда.
Кем маңызды емес мәселе - шаруашылықтарды дизель отынымен қамтамасыз ету. Облыстың егін жинау науқанына 19,3 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.
Сонымен қатар жиналған өнімді сақтайтын жердің болуын да ойластыру керек. Облыста жалпы сыйымдылығы 1,438 млн тонна астық қоймалары бар. Картоп пен көкөністі сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 350 мың тоннадан астам 143 қойма қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасында қазір егін жинау науқанына дайындықтың барлық негізгі мәселелері бақылауда екенін атап өтеді. Техниканың алқаптарға жаппай шығуы қыркүйектің басында күтіледі.


