Ресей мен Украина порттарындағы әскери қимылдардың ушығуы бұл елдерден дәнді, майлы дақылдар мен оларды өңдеу өнімдерінің экспортын айтарлықтай шектеуге әкеледі.
Мұның жағымсыз салдары Қазақстанға да әсер етуі мүмкін, өйткені бағасы түсіп, логистикасы шектелген ресейлік өнім ҚР-ға да, Орталық Азия елдеріне де жол іздейді. Бұл туралы Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов хабарлады.
Порт инфрақұрылымына кезекті соққы бүгін түнде Новороссийскіде болды. Шабуыл салдарынан астық терминалы зақымданып, оның жұмысы тоқтатылды.
«Қазақстан үшін Қара теңіздегі ушығудың жағымсыз салдары ресейлік ауыл шаруашылығы өнімінің айтарлықтай баға жеңілдіктерімен Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия елдерінің нарықтарына да қысымының күшеюінен көрінеді. Бидай, арпа, рапс тұқымы, күнбағыс тұқымы, зығыр тұқымы, мақсары, сондай-ақ өңдеу өнімдері: ұн, кебек, өсімдік майлары, шрот пен күнжара нарықтары ең осал болады», - деп атап өтті Евгений Карабанов.
Оның пікірінше, бұл аталған өнім бағасының төмендеуіне және Қазақстанда дәнді және майлы дақылдар бағасының құлдырауына әкелуі мүмкін.

