Фермерлер ауа райымен қалай күресуді ойлап жатыр. Болжам бойынша, тамызда республиканың басым бөлігінде ауаның орташа температурасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, тамыздың бірінші онкүндігінде елдің негізгі астық егетін өңірлеріндегі метеорологиялық жағдай дәнді дақылдарды жинауға қолайлы болады. Тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде республиканың солтүстігі, орталығы және шығысында айдың екінші жартысында жиі күтілетін жауын-шашын мен ауаның жоғары ылғалдылығы егін жинауды қиындатады. Бұл туралы Қазгидромет хабарлайды.

Нормаға жақын температура Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Қарағанды облысының солтүстік-батыс шетінде болжанады.

Тамыздағы жауын-шашын мөлшері мынадай болжанады:

нормаға жақын - республиканың басым бөлігінде

нормадан көп - Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облыстарының солтүстік шетінде, Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында, Алматы облысы мен Жетісу облысының оңтүстік-шығысында

нормадан аз - Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысының оңтүстік-батысында және елдің оңтүстігінде


Қазгидромет ақпаратына сәйкес, Қазақстанның батысында тамыздың басында ауа температурасының көтерілуі күтіледі, жауын-шашын - негізінен Ақтөбе облысында. Айдың екінші жартысында кей жерлерде ауа температурасының шамалы төмендеуімен жауын-шашын болжанады, ай соңында - негізінен жауын-шашынсыз.

Елдің солтүстігінде жауын-шашын тамыздың екінші жартысында Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, Павлодар облысында - айдың басында жиі болжанады. Күндізгі уақытта ауа температурасының төмендеу және көтерілу кезеңдерінің алмасуы күтіледі.

Қазақстанның орталығында жауын-шашын айдың бірінші және екінші жартысында негізінен Қарағанды облысында болжанады, ауа температурасының көтерілуі негізінен айдың бірінші жартысында күтіледі

Республиканың шығысында өңірдің орографиялық ерекшеліктеріне байланысты ауа температурасының жиі ауытқуы болжанады. Кей жерлерде жауын-шашын тамыздың бірінші және екінші жартысында күтіледі.

Болжанатын агрометеорологиялық жағдайларға сәйкес, тамыздың бірінші және екінші онкүндіктерінде дән ылғалдылығы 12-16%, сабанның ылғалдылығы 14-20% шегінде күтіледі. Тамыздың үшінші онкүндігінде дән ылғалдылығы 13-17%, сабанныкі 15-20%, Солтүстік Қазақстан облысында сабан ылғалдылығы 23%-ға дейін болады деп күтіледі.