Қазақстанда үйірлі шегірткелерге қарсы қорғау шаралары аяқталды.
Соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметті жаңарту, мониторинг құралдарын дамыту және қорғау жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру химиялық өңдеу алаңын 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін, яғни 42%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілмеді, деп хабарлады ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Уәкілетті құрылымдар зиянкестердің жаппай таралуына әрекет етуден қатерлерді ерте анықтауға, ошақтарды жедел оқшаулауға және фитосанитариялық тәуекелдерді алдын ала басқаруға көшті. Алқаптарды химиялық өңдеу оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізілді.
Негізгі шешімдердің бірі жұмыстың бүкіл циклін - өсімдік қорғау құралдарын жеткізуден бастап химиялық өңдеу жүргізуге дейін - қамтитын бірыңғай кешенді сатып алу форматын енгізу болды. Мұндай тәсіл түпкі нәтиже үшін жауапкершілікті бір орындаушыға жүктеп, ұйымдастыру сапасын арттырды және іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізілді. 2026 жылы бюджет шығыстары 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 2 млрд теңгеге, яғни 25%-ға қысқарды.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты уақыт режимінде фитосанитариялық жағдайды бақылауды, тексеру нәтижелерін цифрлық тіркеуді, зиянкестердің таралу ошақтарын бақылауды және жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ететін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесін енгізді.
Техникалық жаңарту аясында мониторинг пен химиялық өңдеу жүргізуге, соның ішінде қол жетуі қиын жерлерде қолданылатын 103 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Тартылған бүрку техникасының саны 427-ден 556 бірлікке дейін көбейтілді, бұл қорғау іс-шараларын жүргізудің жеделдігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ үкіметте шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты болып отырғанын хабарлады. Үйірлі шегірткелердің қоныс аудару жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық қажетті техника шекара маңындағы аумақтарда шоғырланған және қорғау іс-шараларын жедел жүргізуге үнемі дайын тұр.


