Қазақстанда алғаш рет вируссыз тұқымдық картоп өндірудің толық циклді біріктірілген жүйесі іске қосылады - зертханада вируссыз өсімдіктерді алу мен диагностикалаудан бастап, мини-түйнектер мен жоғары репродукциялы тұқымдық картоп өндіруге дейін. Жобаны Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты оңтүстіккореялық Vitrosys Agricultural Incorporation компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Инвестициялардың жалпы көлемі $10 млн дейін болады және заманауи жабдық жеткізуді, технология беруді және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды қамтиды. Оңтүстік Корея тарапы вируссыз өсімдіктерді in vitro жылдам әрі жаппай көбейту технологияларын, сондай-ақ картопты сауықтыру және мини-түйнектер өндіру технологияларын беруді қамтамасыз етеді.

Жоба картоп сұрыптарын жедел көбейтуді, сауықтыруды және генетикалық әлеуетін сақтауды қамтамасыз ететін заманауи биотехнологияларды қолдануға негізделген, бұл жоғары сапалы тұқымдық материал алудың басты шарты.

Жобаны іске асыруға Қазақстан мен Корея Республикасының ғалымдары қатысады. Бірлескен жұмыс озық биотехнологияларды енгізуге, өндірістік процестерді Қазақстан жағдайына бейімдеуге және заманауи тұқым шаруашылығы саласында отандық мамандарды даярлауға бағытталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанның сапалы тұқымдық картопқа қажеттілігі жылына шамамен 450-480 мың тонна, соның ішінде 1,6-1,9 мың тонна түпнұсқа тұқым және 11-12 мың тонна элиталық тұқым. Жоба толық өнеркәсіптік қуатына шыққаннан кейін жоспарланған өндіріс көлемі G1, G2 және G3 санаттарындағы тұқымдық картопқа қажеттілікті толығымен дерлік жабуға мүмкіндік береді.

Жобаның Жол картасына сәйкес, 2027 жылы-ақ 200 мың вируссыз in vitro өсімдік өндіру және шамамен 1,2 млн картоп мини-түйнегін алу жоспарлануда.

2028 жылы G1 санатындағы тұқымдық картоп өндіру көлемі шамамен 1,2 мың тонна, 2029 жылы - шамамен 1,5 мың тонна болады. 2030 жылға қарай жоба жыл сайын шамамен 3,9 мың тонна G1 санатындағы тұқымдық картоп өндіріп, толық өнеркәсіптік қуатына шығады.