Түркістан облысының Келес ауданында қарқынды бағбандықты дамыту бойынша бірегей жоба жүзеге асырылуда. «Нұржан» шаруа қожалығы шабдалының импорттық сұрыптарын жергілікті климат жағдайына сәтті бейімдеп, алғашқы өнімін де алды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпкер Нұржан Умаров 2025 жылы 12 га алаңда қарқынды бақ отырғызып, Түркиядан әкелінген «Орион» сұрпындағы 15 мың шабдалы көшетін отырғызды. Заманауи агротехнологияларды қолдану және күтудің халықаралық стандарттарын сақтау арқасында ағаштар жақсы тамыр жайып, күтілген мерзімнен ерте жеміс бере бастады.

Табысты тәжірибе биыл жалғасын тапты. Өндірісті кеңейту аясында кәсіпкер «ҰЛЫ ДАЛА» өндірістік кооперативінің аумағында жобаның жаңа кезеңін іске асыруда. 30 га алаңға тамшылатып суару технологиясымен шабдалы көшеттері отырғызылды. Кооперативтің жер учаскесінің жалпы алаңы 51,3 га.

Нұржан Умаровтың айтуынша, жобаның басты мақсаты - ауылдық жерлерде қарқынды бағбандықты дамыту және жер ресурстарын тиімді пайдалану

Жоспарда - қарқынды шабдалы бақтарының алаңын кеңейту, қызыл шие мен жүзімнің элиталық сұрыптарын өндіру.

Жобаны іске асыру өңірде жеміс пен жидек өндіру көлемін арттыруға, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.