Бұл мақалада асқабақ тұқымдасының көп өкілдерінің бірі - тәтті әрі хош иісті қауын туралы айтылады. Бұл өсімдіктің танымал болуы бекер емес: жақсы піскен қауынның тәтті, хош иісті жұмсағы көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, асқорытуды да жақсартады. Оны өсіру қиынға түспеуі үшін осы бақша дақылымен жақынырақ танысайық.
Топырақты дайындау:
Қауын отырғызу үшін ашық, жақсы жылынатын учаскелерді таңдау керек. Оңтүстік беткейлерге басымдық берген жөн, өйткені ашық күн астында қауын ауруларға сирек шалдығып, жақсы піседі. Қауынға құрғақ, сәл тұздалған топырақтарды пайдалануға болады. Дақыл ауыр қышқылданған топырақты көтере алмайды. Дақыл айналымында өсіргенде ең жақсы алғы дақылдар: пияз, сарымсақ, қызанақ, үрмебұршақ, асбұршақ, қырыққабат, баклажан және тәтті бұрыш. Қауынды асқабақ тұқымдастар мен сәбізден кейін бірнеше жыл бойы өсіруге мүлде болмайды.
Алғы дақылды жинағаннан кейін арамшөп өскіндерін алу үшін арандату суаруын жүргізеді, содан кейін оларды терең қазу арқылы жояды. Қазар алдында компост немесе қарашірік, сондай-ақ суперфосфат түріндегі минералды тыңайтқыштар енгізу керек. Егер отырғызылатын жер учаскесі ұзақ уақыт органикамен тыңайтылмай, тек минералды тыңайтқыштармен тыңайтылса, әктеу жүргізген жөн. Құмдақ және құмды топырақтарға 300 г-нан, саздақ топырақтарға 400 г-нан әк шашып, 10 см қабатқа көмеді. Топырақтың жоғарғы қабаты (10-15 см) жетіліп, +12..+14 °С-қа дейін жылынғанда шаршы метрге 70-80 г нитрофоска енгізеді. Қауын себер немесе көшет отырғызар алдында алқапқа культивацияға шаршы метрге 10-20 г азот тыңайтқыштарын береді.
Тұқымды дайындау және себу:
Себу үшін себу және сорттық сапасы жоғары толық салмақты тұқымдарды пайдалану қажет. Қауын тұқымын себер алдында нұсқаулықты қатаң сақтай отырып, арнайы тұқым дәрілегіштерін қолданып залалсыздандыру қажет. Содан кейін топыраққа себуге болады. Оңтүстікте қауынды топыраққа сәуірдің соңы - мамырдың басында себеді. Ерте сепкенде (сәуірдің соңы) тұқымды құрғақ күйінде, мамыр кезеңінде - өндіріп себеді. Себуге арналған шұңқырларды сорттың сабақ тарамдылығына қарай қатарда 70-80 см, ал қатараралықтарда 1,0-1,5 м сайын орналастырады. Ылғалдандырылған шұңқырға 4-6 см тереңдікке 3-5 тұқымнан себеді. Жылы кезең қысқарақ болғандықтан қауынды көшет арқылы өсіреді. Көшетке тұқымды бірден жеке ыдыстарға (кассеталарға) сепкен дұрыс. Қауын көшеті күн жарығын және +20 ºС....+25 ºС температураны жақсы көреді, түнде оны +18 ...+20 ºС-қа дейін төмендетуге болады. Егер далада жаңбыр жауып, бұлтты болса, көшет тұрған бөлмедегі температураны да ол созылып кетпеуі үшін төмендетеді. Өсімдіктердің даму кезеңінде үстеп қоректендіруді қамтамасыз ету керек:
1. Көшетте алғашқы нағыз жапырақша пайда болғанда минералды тыңайтқыштарды (суперфосфат, аммиак селитрасы, хлорлы калий - қаптамадағы нұсқаулық бойынша) қосу қажет.
2. 2 апта өткен соң (біріншісінен кейін) дәл сондай үстеп қоректендіру жүргізіледі.
Ашық топырақта қауынды күту:
Тұқыммен себілген және көшетпен отырғызылған дақылды одан әрі күту іс жүзінде бірдей және кем дегенде қопсытудан тұрады, оны тек қатарлар тұтасқанға дейін бірінші айда 15 см-ге дейін, содан кейін 8 см-ге дейін азайтып жүргізеді. Топырақты тек қатараралықтарда қопсытады. Бүйір сабақтар фазасында қауынды абайлап түптейді. Жапырақтар тұтасқанда ешқандай топырақ жұмыстары жүргізілмейді.
Өсіру тәсілі:
Баршаға таныс тәсіл - жерге жайып өсіру, яғни жер бетіне жайылған күйде. Ең жақсы өнім алу үшін негізгі өркенді 4-жапырақтың үстінен шымшиды, нәтижесінде 2 күшті бүйір өркен өсіп шығады, оларды кейін жерге қыстырып бекітуге болады. «Шымшу» әдісінің жақсылығы - қоректік заттар жасыл массаға жұмсалмай, жемістерге барады.
Қауынды шпалерлі тәсілмен өсіруді де ұмытпау керек, бұл кезде биіктігі шамамен 2 м қаңқа алдын ала дайындалады. Отырғызғаннан кейін 4-тәулікте-ақ өркендерді жіптерге байлайды, одан әрі өсімдік оларға өзі оралады.
Қауынды үстеп қоректендіру:
Әдетте жапырақтар тұтасқанға дейін 2-3 рет үстеп қоректендіреді. Кристалонмен, аммиак селитрасымен бірінші үстеп қоректендіруді жаппай өскін шыққаннан кейін бір аптадан соң жүргізеді. Бүршік жару фазасында 1:10-15 қатынасында сұйылтылған органикалық тыңайтқыштар ерітіндісімен қоректендіреді. Соңғы үстеп қоректендіруді қауын түйіндерінің ұлғаю фазасына (алдыңғы үстеп қоректендіруден шамамен 3 аптадан кейін) сәйкестендіреді. Оны бір шелек жылы суға 50 және 20 г фосфор-калий тыңайтқыштарының ерітіндісімен орындайды.
Суару:
Қауын жоғары ылғалдылықты көтере алмайды, сондықтан топырақ 5-6 см-ге кепкенде жылытылған (+20..+25°) сумен суарады. Жаңбырлатып суару қолданылмайды. Тек арық жүйелері арқылы. Түйіндер ұлғая бастағанда суару нормасын азайтып, пісу фазасына қарай мүлде тоқтатады. Мұндай тәсіл қауынға көбірек қант жинауға мүмкіндік береді. Егер суару рұқсат етілген деңгейден асып кетсе, жемістер дәмсіз болып, көбі түбінде шіріп кетеді, тамыр жүйесінің өзі де саңырауқұлақ ауруларына шалдығады.
Қауынды зиянкестер мен аурулардан қорғау:
Ылғалды ортада қауын өсімдіктерінің тамыр және жер үсті бөліктері саңырауқұлақ ауруларымен (ақ ұнтақ, антракноз, фузариоз, пероноспороз және басқалар) тез залалданады. Қорғау және емдеу шараларын тек биопрепараттармен, мысалы, ұсынымдарға сәйкес фитоспоринді пайдаланып жүргізеді. Зиянкестерден қауынға елеулі зиян келтіретіндер: біте, көбелек, өрмекші кене, сымқұрт. Қорғау үшін түрлі препараттарды қолдануға болады. Ең көп тарағандары - Энжио, Нурелл Д және т.б. Күту мерзімі 1-ден 4-5 күнге дейін.
Өнім жинау:
Қауынды жемістері пісуіне қарай жинайды. Жинауға дайындығын жемістің сабақтан оңай ажырауына, қабығының ашық түсіне, қабықты жабатын ұсақ жарықтар торына қарай анықтайды. Тығыз ұсақ тор бірден тамаққа және өңдеуге пайдалану керек жемістерді жабады.
Қабығындағы торы айқын емес немесе тек кей жерлерін ғана жабатын жемістерді жарты жылға дейін созылатын сақтауға қоюға болады. Қабығында торы жоқ жемістердің пісуін күшті хош иісіне және сабақтардан оңай ажырауына қарай анықтайды.

